Тілді таңдау

Намаз уақыттары

Сіз намаз оқисыз ба?

View Results

Loading ... Loading ...

Аллаһ тағаланың қонақтарына сенімді, жүйелі әрі сапалы қызмет көрсету – біз үшін мәртебе!

 

Қажылық деген не?

Ислам дінінің бесінші тірегі – қажылық. Хаж (қажылық) – араб тілінде «құрметті орынды зиярат ету» деген мағынаны береді. Ал бұл сөздің шариғаттағы мәні – белгілі орындарды белгіленген уақытта, белгіленген амалдарды орындау арқылы зиярат ету немесе діннің бір тірегін орындау мақсатында Қағбаны зиярат ету.

Белгілі орындар –  Меккедегі Харам мешіті, Мина үстірті, Арафат және Муздалифа  аймақтары.

Белгілеген уақыт – қажылық айлары.

Белгіленген амалдар – ихрам киімін кию, тауап пен сағи жасау, Арафатта тұру, Мина мен Муздалифада түнеу, құрбандыққа мал шалу, шаш алдыру және т.б. амалдар.

 

Қажылықтың үкімі

Қажылық – балиғат жасына толған, ақыл-есі бүтін, қаражаты жеткілікті және қажылық сапарына денсаулығы жарайтын әрбір мұсылманға парыз.

Қажылықтың парыз екендігіне Құран, Сүннет және барлық мұсылман ғұламаларының бірауызды келісімі («ижмағ») дәлел болады. Аллаһ тағала:

«Оның жолына шамасы келген адамдарға Аллаһ үшін Үйге (Қағбаға) қажылық жасау міндет», – деген («Әлі Имран» сүресі, 97-аят).

Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын): «Аллаһ елшісі (с.а.с.) бізге құтпа оқып: «Ей, адамдар! Аллаһ сендерге қажылықты парыз етті, сондықтан қажылық жасаңдар», – деді. Сонда бір кісі: «Уа, Аллаһтың елшісі! Жыл сайын ба?» – деп сұрады. Ол (с.а.с.) үндемеді. (Әлгі кісі) сұрағын үш рет қайталағаннан кейін Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Егер иә десем, парыз болатын еді және сендердің оған (жыл сайын қажылық жасауға) шамаларын келмес еді», – деді де, сосын: «Мені өздеріңе қалдырған нәрседе жайыма қойыңдар. Өйткені  сендерден ілгері өткендерді сұрақтарының көптігі және пайғамбарларымен келіспеушіліктері себебінен құрыды. Сондықтан сендерге бір нәрсе бұйырсам, оны шамаларың келгенше орындаңдар, ал егер бір нәрседен тыйсам, оны тастаңдар», – деді», – деп айтқан (Муслим).

 

Қажылықтың маңыздылығы

Барып қайтуға жеткілікті қаржысы бар мұсылман қажылық парызын өтеуге асығу керек. Қиямет күні Аллаһ ешқандай сылтауларды қабыл алмайды. Ауырмай-сырқамай, кедейшілікке түсіп қалмай және күнәкар халде өлмей тұрғаныңда қажылық жасауға асығу керек, өйткені қажылық Ислам тіректерінің бірі болып табылады.

Қажылық пен умраға жұмсалатын ақша адал еңбекпен табылуы тиіс, олай болмаған жағдайда, Аллаһ ғибадатты қабыл етпейді.

Қажылық – мұсылмандар үшін бір-бірімен танысатын, достасатын, қиындықтарын бірлесе шешуге ынтымақтасатын жиын. Қажылық жасаған мұсылмандар дінге және дүние тіршілігіне қатысты пайдаларына куә болады.

 

Қажылықтың артықшылықтары

Кез келген құлшылықтың өзіндік артықшылықтары болатыны тәрізді қажылықтың да өзіне тән артықшылықтары мен пайдалары бар.

1. Пенде мойнына жүктелген міндеттен құтылу арқылы сансыз сауапқа кенеледі.

2. Аллаһ қажылық ғибадатын орындаған пенденің өткен күнәларын кешіреді.

Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбардың (с.а.с.): «Кімде-кім әйеліне жақындаспай, ешқандай күнә және жамандық істемей Аллаһ үшін қажылық жасаса, (үйіне) анасынан жаңа туғандай болып қайтады», – деп айтқанын естідім», – деген (әл-Бұхари).

Яғни, Аллаһтың разылығын тілеп, біліп және білмей жасаған күнәларына шынайы ықыласымен кешірім сұрап, жаннатты үміт етіп қажылық амалдарын толық орындаған адам күнәдан жаңа туған сәбидей пәк, таза болады. Бірақ адамдардың ақысы мен қаза болған парыз айн амалдарының күнәсі қажылық арқылы өшпейді. Сонымен қатар біреуге зұлымдық жасаған болса, одан кешірім сұрау және рұқсатсыз, зорлықпен алған затын қайтару парыз, ал қаза болған намаз, ораза секілді ғибадаттардың қазасын өтеу қажет.

3. Қажылар мен умра жасаушылар – Аллаһтың қонақтары және өз елдерінің өкілдері.

Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын), Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Қажылар және умра жасаушылар – Аллаһқа келген (өз елдерінің) өкілдері. Егер олар Оған дұға қылса, жауап береді (дұғаларын қабыл етеді), егер кешірім сұраса оларды кешіреді», – деген (Ибн Мәжәһ).

Аллаһ Өзіне қонақ болып келген пенделерді сый-құрметпен қарсы алады. Оларға жомарттығын еселеп, әрбір құлшылығының сауабын арттырады. Себебі ғалымдар қажылық сапарына жұмсалған қаражатты Аллаһ жолында жұмсалған деп есептейді. Ал Аллаһ жолында жұмсалған қаражаттың сауабы жеті жүз есеге дейін көбейеді.

4. Қажылық адамның жүрегін тәкаппарлықтан, дүниеқорлықтан тазалайды. Сондықтан Аллаһ разылығы үшін қажылықтың жоралғыларын толық орындаған адам еліне қайтқанда өзін пәк сезінеді.

5. Қабыл болған қажылықтың сауабы – тек қана жаннат.

Жалғасы…

FireStats icon Powered by FireStats